Среда, 12 августа 2020 15:10

Аңшылық ата-баба дәстүрі

Қазақ халқының тұрмыс-салт тіршілігінде аңшылықтың орны ерекше болған. Көшпенді ғұмыр кешкен халқымыздың дәстүрі жайлы тарихшы Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновтың пікірін білген болатынбыз.

– Зиябек Ермұханұлы, еліміздегі кәсіби тарихшы ретінде, еліміздегі және шет елдегі мұрағаттарда көп жұмыс істедіңіз. Құжаттармен жұмыс істей отырып, қазақтың аңшылық салт-дәстүріне қатысты мәліметтерді кездестірдіңіз бе?

Мұрағаттарда қазақтың аңшылық дәстүріне қатысты қызықты деректер өте көп. Астана, Алматы, Мәскеу, Омбы, Барнауыл, Түмен, Новосібір, Троицк, Калининградтың мұрағаттарында ғылыми ізденіс барысында, патша үкіметі кезеңіндегі қазақтардың тұрмысына қатысты көптеген құжаттармен таны- стым. Осы кезеңдерде қазақ халқының аңшылық дәстүрін, этнографиясын және тарихын мол қамтитын деректер баршылық. Аңшылық өнері халқымыздың арасында неге кең тараған? ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басына дейін халқымыз молшылықта өмір сүрген. Қазақ халқын көп зерттеген Я.П.Гавердовский: «Қазақтардың кедейі жоқ. Кемі жүз жылқы ұстамаған адамды, кедей санаған» деп жазып кеткен. Халқымыздың ауыз әдебиеті мен фольклоры туралы көп мәліметті жазып, жариялаған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: «Абылай ханның кезінде, екінің бірі бай болған. Бай болғаны соншама, кем дегенде екі әйелден алған» деп жазған. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр. Мал шаруашылығының аңшылықпен тікелей байланысы бар. Кейбір тереңірек қазып зерттемеген зерттеушілер: «қазақта аңшылықпен тек байлар ғана айналысқан» деп айтып жатады. Олардың көзқарасы қазақтың әлеуметтік жағдайы әлсіреп, Ресейге басы бүтін кіріп кеткен ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басы жағын қамтиды. Жалпы, ХІХ ғасырға дейін халқымыз өте бай болған және аңшылық кең етек жайған. Қазақ еріккенннен аң қақпаған. Күнделікті ат үстінде жүріп, қара жұмыс істемеген ата-бабаларымыз, жаугершілік уақыт пен барымтаның заманында өмір сүргендіктен, күнделікті физикалық дайындығын жетілдіріп отыру керек болды. Ол – күш-жігерін қайрайтын аңшылық еді. Шиті мылтық секілді отты қарулар да болды. ХVIII ғасырдың 50-60 жылдарында қазақ даласында соғылған бекіністердің жанынан базарлар көптеп ашыла бастады. Аңшы қазақтардың аталған базарларға келіп, мыңдаған қасқыр, түлкі, бұландардың терісін көпестерге көптеп өткізгендері туралы дерек көп. Омбы, Түмен, Семейдің мұрағаттарында аталған қалаларда аңшы қазақтардың саудамен де айналысқандары жайлы біршама деректер бар. Мұрағатта отырып мынандай бір қызықты дерек оқыдым. Аңға шыққан кезде аңшылардың жастауы соғып алған аңды, жасы үлкен аңшының еріне әкеліп байламаса, оны үлкенді сыйламағаны үшін билер сотына берген. Ата-баба дәстүрін бұзып, «байлау» салтын сақтамаған аңшы әжептеуір айыппұл төлеген. Орынбор, Омбы мұрағаттарында аңшылық пен саятшылыққа қатысты әлі зерттелмеген біршама дерек бар.

– Қазақтың аңшылық өнері туралы нақтылап жазған зерттеушілер пікірі туралы не айтасыз?

Екі ғалымның жазып кеткен деректерін оқып берейін. Мысалы XVIII ғасырда өмір сүрген өлкетанушы, этнограф И.Г. Андреев өз жазбаларында: «Промыслы имеют по большей части зверей, которых по степям, конскою гоньбою, как то волков и лисиц, ловят» деп жазған.

Неміс ғалымы Ф. фон Шварц: «Во время моего пребывания в Перовске на Сырдарье в 1874 г. один киргиз просто топором зарубил тигра, который сожрал весь его скот и, в конце концов, еще и всю его семью. Киргиз залег в кустах рядом с ямой, в которой лежали останки его последней коровы, вооруженный одним только топором, и когда пришел тигр, чтобы насладиться остатками своего завтрака, тот прыгнул на него в яму и убил его после того, как еще произнес пространную надгробную речь, в которой упрекал его в подлостях, которые тот совершил по отношению к нему и его семье. Более осторожные из киргиз охотников при тигровой охоте берутся за дело системно. Они прячутся под деревянным остовом юрты, приближаются к убежищу тигра, неся на себе остов и спокойно стреляют в тигра из своего надежного укрытия, не подвергая себя никакой опасности» деген естелігін жазып қалдырған. Осы екі мысалдың өзі біздегі аңшылық жайлы біршама мағлұмат береді.

– Өзіңіз аңға шығасыз ба?

Жастау кезімде қазақы тазы асырап, қоян қудым. үлкі мен қасқыр қағуға арнайы дайындық керек. Ал, қоянды тазымен алуға әбден болады. Кейін қалаға қоныс аударып, ғылым жолына түскен соң, жас күнімдегі аңшылық сағым болып қала берді.

12082020

– Ғылым адамдары аңға шығып, жабайы аңдарды атқаны дұрыс емес деп жатады. Сіздің осыған көзқарасыңыз қалай?

Жеке басым аңшылықты қолдаймын. Атабабамыздан келе жатқан дәстүрден қалай аттап кетеміз. Қазаққа береке әкеліп, қолөнерін дамытқан шаруашылық түрін қалай жоққа шығарамыз. Мүмкіндік болып жатса, аңшылық маусымында арнайы рұқсат алып, сайын далада серуендегенге не жетсін?!

– Ұлттық құндылықтарымызды түгендейтін «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып жүзеге асқан жылдары шет ел мұрағаттары мен тарихи ескерткіштерге көп көңіл бөлініп, тазы мен төбет, саятшылық дәстүрлеріміз жеткілікті дәрежеде зерттелмей қалып кетті. Тарихшы ретінде осы мәселеге не айтасыз?

Бар нәрсені әр адам өзінен бастағаны жөн. Елімізде төрт жүз, бес жүз мыңға жуық студент бар. Ашаршылық, депортация, фольклорымызға қатысты мәліметтерді жинау үшін соларды жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріне жыл сайын экспедицияға жіберіп отырса деймін. Жаз келсе, студенттеріміз екі-үш ай бос жүреді. Осы мәселені үнемі көтеріп келем, бірақ назардан тыс қалып келеді. Құлагерден басқа жылқыны білмейміз.

Қаншама жүйрік жылқыларымыз болды. Неше түрлі қасқыр алған асыл тұқымды тазы, төбеттер бар. Солар туралы мәлімет жинап, картотекасын жасаса, біршама еңбектер жұзеге асырылады деп ойлаймын. Омбыда оқыған жылдарымда әр жазғы демалыста аймақтарды аралап, түрлі деректер жинайтынбыз. Ресейдегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің салт-дәстүрімен тарихшы ретінде танысып, біршама мәліметтер жинадық. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты бар. Аталған институттың аймақтардан филиалда- рын ашып, өзің айтқан мәселелерді жинақтап жүйелесе біршама жұмыстар жасалар еді.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға жетістік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Олжас БЕРКІНБАЕВ
Суреттер т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдиновтың жеке мұрағатынан алынды

Журнал «Qansonar» №2 (10), 2016 год.

Прочитано 159 раз
Оцените материал
(0 голосов)

footerlogo

 

«Информационно-развлекательный интернет-ресурс об охоте, рыбалке и активном туризме». Наши контакты +77010317229 (Whatsapp), mail@qansonar.com.
© 2020 Сайт Кансонар. Все права защищены. Разработка - Веб студия "IT.KZ"

Яндекс.Метрика